Астанада алғаш рет балаға бауыр ауыстырып салу отасы жасалды
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Астанада Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының базасында балаға тірі донордан бауыр ауыстырып салу отасы жасалды. Бұл туралы astana.kz сайтына аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
Мұндай күрделі ота Қазақстанда алғаш рет қолға алынды. Орталық мамандары беларусьтік әріптестерімен бірлесіп 12 сағат бойы донордың бауырының жартысын Павлодар облысының 6 жасар тұрғыны Илья Панихинге трансплантациялауды жүзеге асырды.
Соңғы жылдары бала бауыр жетіспеушілігімен ауырып, бауыр циррозына шалдыққан. Донор - Ильяның 32 жасар нағашы апасы. Бала бір ай бойы қарқынды терапия палатасында жатты. Бүгінгі таңда оның денсаулығы тұрақтанып, бөлімге ауыстырылды. Донор операциядан кейін екі апта өткен соң амбулаториялық емдеуге жіберілді.
Айта кетейік, Қазақстанда 100 жуық бала мүшелер трансплантациясына мұқтаж. Бүгінгі таңда ауыстырып салу мүшелерінің, сондай-ақ, балалар трансплантологиясы саласында тәжірибесі бар мамандардың жетіспеушілігі өзекті мәселе болып табылады.