Астанада алғаш рет кітап фестивалі өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы «Нұржол» бульварінде ерекше шара ұйымдастырылып, Ұлттық академиялық кітапхананың ұйытқы болуымен «Оқырман ұрпақ - Қазақстанның болашағы» атты алғашқы кітап фестивалі өтіп жатыр.
«Бүгін Астана қаласында бірінші рет Кітап фестивалі өтіп жатыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы осы бастаманы қолға алып отыр. Бірінші кітап фестивалі еліміздегі төрт мерейтойға - Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ата заңымыздың 20 жылдығына, Жеңістің 70 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған. Дегенмен, Кітап фестивалін өткізудегі ең түпкі мақсатымыз - кітап оқуға тарту арқылы жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу. Сондықтан, бүгінгі кітап фестивалін ерекше формада өткізіп жатырмыз. Фестиваль аясында «Кітап тарту» акциясы, «Поэзия марафоны», ақын-жазушылармен кездесу сияқты бірнеше шаралар қарастырылған»,-дейді Ұлттық академиялық кітапханасы Қорларды құру қызметінің жетекшісі Қайырхен Нұралиевна. Ал, Ұлттық академиялық кітапхана директорының айтуынша, бұл шара жастар мен оқушылардың кітапқа деген ынтасын оятады. «Қала орталығында, ашық аспан астында кітап фестивалін ұйымдастыра отырып, еліміздің жетістіктерін, ақын-жазушыларымыздың жаңа шығармаларын насихаттауды мақсат тұтып отырмыз. Жалпы, біраз жылдан бері «қазақ кітабының оқырманы бар ма, жоқ па, деген талас болатын. Осы ретте, Ұлттық академиялық кітапханаға келетін оқырмандарының саны бір жылда 120 пайызға артты, бұл - бүгінгі оқырман ынталы екенін көрсетеді. Біздің кітапхананың қорында 1 млн 500 мың кітап бар»,-дейді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева.