Астанада алғаш рет Нартай Бекежанов атындағы республикалық әнші-жыршылар байқауы өтеді

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - 19-20 мамыр күндері Астана қаласында Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Шабыт» концерттік залында «Өздерің білер - Нартаймын!» атты республикалық әнші, жыршылар конкурсы өтеді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Астанада алғаш рет Нартай Бекежанов атындағы республикалық әнші-жыршылар байқауы өтеді

Конкурс Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында және «Астана - түркі әлемінің астанасы» болып жариялануына орай ұйымдастырылып өткізіледі.

Аталмыш шараны өткізудегі басты мақсат - XX ғ. қазақ өнері мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі, әнші, жыршы, ақын, сазгер Нартай Бекежанұлының (1890-1954) шығармашылығын насихаттау, жас ұрпақтың Ұлттық дәстүрлі өнерге деген ынта-ықыласын ояту және Нартай  Бекежанұлының шығармашылық тұлғасын жаңа қырынан тануға жол ашу.  

Конкурстық бағдарламаның талабына сәйкес әрбір қатысушы Нартай Бекежанұлының 6 әні мен шығармасын орындауы тиіс. Нартай Бекежанұлының замандастары: Тайжан, Шашубай, Майра, Кенен ақынның озық ән үлгілерін сырнай мен домбырада орындау конкурс талаптарына сай тең дәрежеде бағаланады.

19 мамыр күні таңғы сағат 9.30 Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Шопен» залында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін арнайы конкурсқа қатысушылар мен ұйымдастырушылар, қазылар алқасы мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.

Конкурстың соңында жеңімпаздардың қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылады.