10:23, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Астанада алғашқы қазақстандық детектив фильмінің тұсауы кесілді
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кеше Астанадағы «Самұрық» кинотеатрында Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілген алғашқы қазақстандық детектив «Обратная сторона» фильмінің тұсауы кесілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Фильмге Ішкі істер министрлігі де үлкен қолдау көрсеткен. Шығарма қазақстандық полицияның бүгінгі қоғамдағы беделін көтеруге бағытталған. Бұл турасында тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген Ішкі істер вице-минстрі Қалмұхамбет Қасымов: «қазақстандық полицияның қызметіндегі кем-кетіктер жөнінде бүгінгі қоғамда көп айтылып жүр. Біз әрине, олардың бірқатарын мойындаймыз да. Дегенмен, полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін жеке бастарын қауіп-қатерге тіге жүріп атқаратынын және оның да өзіндік біршама қиындықтары болатындығын біз көріп- білуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі фильмнің атқаратын рөлі өте зор. Меніңше, осы фильм арқылы біз қазақстандық полицияның бет-бейнесін қалыптастырамыз. Біздің азаматтарымыз тәртіп сақшыларының немен айналысып жүргендігін осы фильм арқылы көріп- біле алады», деді.Фильмдегі оқиғалар ішкі істер органдарына жаңадан жедел уәкіл болып келген жас жігіттің өмірі негізінде өрбиді. Онда із-түзсіз жоғалып кеткен кәсіпкер азаматты іздестіру барысында жас полицей қандықол қарақшылар мен қылмыскерлердің небір сұмдық әрекеттеріне тап болады. Олармен жаға жыртыса жүріп, жас полицей ойда жоқта қылмыстық істің куәгері болып қалған, кейіннен өзінің сүйіктісіне айналатын жас қызды да баукеспелердің әрекеттерінен арашалап қалады. Басты рөлдерді Санжар Мәдиев пен ресейлік актер Дмитрий Дюжев және Аша Матай, Дмитрий Скирта, Жанна Қуанышева, Болат Әбділманов сынды актерлар сомдайды. Фильмнің режиссері Қуат Исаев, бас продюсерлер Ернар Маликов пен Марина Кунарева.
Фильмді «MG production» кинокомпаниясы түсірген. Компания өкілдерінің айтуынша, фильмді түсіруге шамамен 1 миллион 400 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалған. Оның 1 миллион долларын Мәдениет және ақпарат министрлігі бөлген. Ал өзге қаржылай шығындарды фильмді түсірушілер мен Ішкі істер министрлігі
мойнына алған. «Киноны түсіру барысында біз біршама қаржылай қиындықтарды бастан өткердік. Осындай қиын-қыстау уақытта қол ұшын созған азаматтардың барлығына алғысымызды білдіреміз», деді кешті ұйымдастырушылар.