Астанада алғашқы республикалық қолөнершілер байқауы өтті
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін елорданың Президенттік мәдениет орталығында қазақстандық қолөнершілердің «Шебер» бірінші республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Шебер қолөнершілердің аталмыш байқауы «Шеврон» компаниясы мен Орталық Азияның Еуразия қорының бастамасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ержан Тәтішев атындағы қордың қолдауымен, «Our heritage» қоғамдық қорының көмегімен өтті. Аталмыш шара «Қазақстандағы халықтық көркемөнер кәсібін жаңғырту және қолөнерді дамыту» бағдарламасының аясында ұйымдастырылып отыр. Президенттік мәдениет орталығының көрме залында осы байқауға қатысушылардың қолөнер бұйымдары қойылған көрме-жәрмеңкесі ашылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған он саусағынан өнер тамғандардың көрме-жәрмеңкесі мамырдың 2-сіне дейін созылады. Көрмеге қойылған заттардың арасында қазақша оюлармен өрнектелген көрпешелер мен жастықтар, сөмкелер мен әмияндар, бас киімдер, зергерлік бұйымдар, сувенирлер мен картиналар, сондай-ақ ет салатын табақтар мен кеселер бар.Аталмыш байқау сарапшыларының айтуынша, бұл жолы 6 аталымның екеуі, яғни «Жаңашылдық» пен «Дарынды бастау» бойынша жүлдегерлер анықталған жоқ. Қалған 4 аталым өз жеңімпаздарын тапты. «Асыл ұстаз» аталымы бойынша Жұпар Бейсенова (Шымкент қаласы), Сергей Таскин (Қарағанды қаласы) мен Ержан Жақыбаев (Ақтөбе облысы), «Озат іскер» аталымы бойынша Виктор Переверзев (Шығыс Қазақстан облысы) пен Болат Беспеков (Шымкент қаласы), «Жоғарғы сапа» аталымы бойынша Амангелді Мұқажанов (Алматы қаласы), «Төлтұмалық» аталымы бойынша Берік Әлібай (Астана қаласы) мен Гүлнәр Қожамжарова (Шығыс Қазақстан облысы) арнайы диплом мен сыйақыға ие болды. Сонымен бірге «Our heritage» компаниясының президенті Айжан Бекқұлова мен Рыскүл Бекталиеваға «Қолөнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» сертификаты тапсырылды.