Астанада алимент төлемеген 600 адам іздеуде жүр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана тұрғындары арасында алимент төлемдері бойынша 2 млрд 900 млн теңге берешек бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі таңда Астананың жеке сот орындаушыларында 19 мыңнан астам атқарушылық құжат бар. Олардың 10 мыңы мерзім-мерзімімен орындалады, яғни қарыз жалақыдан ұсталады және ай сайын алимент өндіріп алушыларға беріледі. Ал, 618 борышкер іздестіріліп жатыр, осыған байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды
, - деді Астананың жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Әділет Бейсенбаев Астана коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, 2 мыңнан астам проблемалық құжаттар бар, яғни түрлі себептермен алимент төлемдері жасалмайды. Негізінен борышкерлерде жұмыс жоқ, төлемге қабілетті емес және басқа да себептер бар.
Биылғы жыл басында алимент төлемдерін өндіру бойынша берешек 3 млрд теңгеден асты. Қазір бұл көрсеткіш 2 млрд 900 млн теңгеге дейін төмендеді. Жыл басынан бері 79 борышкер әкімшілік жауапқа, алтауы қылмыстық жауапқа тартылды.
Тұрақты жұмыс орны жоқ борышкерлер үшін жыл басынан бері он шақты бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде тек 21 борышкер жұмысқа орналасты. Оның да көптеген себептері бар: мамандық сәйкес келмейді, ұсынылған жалақы немесе лауазым үшін жұмыс істеуге ниет жоқ
, - деп толықтырды спикер.