Астанада алимент төлемеген әке 5 тәулікке қамалды
АСТАНА. ҚазАқпарат -Астанада бір жыл бойы алимент төлемей келген әке 5 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жазаға тартылды.
Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Астана қаласы Алматы ауданының прокуратурасына А. Рахимжанованың арызы келіп түскен болатын. Осыған орай, Ж. Рахимжановтан кәмелет жасқа толмаған баласын асырауға алимент төлемдерін өндіру туралы сот актілерінің орындалуына тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында, борышкердің 2013 жылдан осы күнге дейін тұрақты жұмыс орны мен еңбекақысы бола тұра алименттік төлемдерін аудармағандығы анықталды», - делінген баспасөз баянында. Аталған факті бойынша прокуратура әкімшілік іс қозғап, кейіннен соттың қаулысымен, борышкер Ж. Рахимжанов 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жазаға тартылған.
Жалпы Астана қаласы Алматы ауданының прокуратурасы аталған мәселелер бойынша ұдайы жүйелі жұмыс жүргізуде. Соған орай, мұндай жағдайлар туындаған болса www.115.kz электрондық порталы мен прокуратура органдарынының www.prokuror.kz ресми сайтына жазу арқылы жүгінуге болатындығын хабарлайды.