Астанада алимент төлемей жүрген әкелердің қарызы 300 млн. теңгеден асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша алименттік қарыздың жалпы сомасы 300 млн. теңгеден асып жығылды. Бұл туралы қалалық прокуратурада өткен брифинг барысында Астана қаласы прокуратурасының төртінші басқарма прокуроры Азамат Күреңкей мәлімдеді.

Астанада алимент төлемей жүрген әкелердің қарызы 300 млн. теңгеден асты

Оның айтуынша, соңғы жылдары алименттік өтемақы талап еткен құжаттар қалалық атқару органдарына көптеп түсуде. Мұның басты себебі ішкі көші-қон салдарынан болып отырған көрінеді. Алимент төлеуі тиіс азаматтар жұмыс іздеп Астанаға келеді, ал олардың артынан жаңағындай құжаттар да жетеді, дейді маман.

«Тұрақты жұмыс орындары жоқ борышкерлердің жалпы саны 8 мың адамнан асады. Ал жалпы қарыздың сомасы 28 874 балаға шаққанда 303 млн. теңгеден асып жығылды», - деп атап өтті А.Күреңкей.

Оның айтуынша, сараптама нәтижесінде борышкерлердің жас шамасы 25-35 жас аралығында екені анықталды.

«Айта кетейік, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап алимент төлемегендер үшін жауапкершілік күшейді. Егер алимент 3 айдан астам уақыт бойы төленбесе, борышкердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол 2 немесе одан да көп жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді ол.