Астанада Алмас Алматовтың 60 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Дала сазы» концерті өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 ақпанда Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы концерт залында «Ұлы дала сазы» атты ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор, жырау Алмасбек Нұрмаханұлы Алматовтың 60 жылдық мерекесіне орай мерейтойлық концерті өтеді, деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Астанада Алмас Алматовтың 60 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Дала сазы» концерті өтеді

Бағдарламада А.Н. Алматовтың орындауындағы халық жырауларының шығармалары, өз туындылары орындалады. Сонымен қатар Алмас Алматов қызмет ететін оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамының ұжымы, Қазақстанның Республикасының мәдениет қайраткері - Марат Нүкеевтің жетекшілігіндегі «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.

Мерейтойлық кешке Алмас Алматовтың әріптестері мен шәкірттері жыр шашу жасайды. Кештің қонағы ретінде филология ғылымдарының докторлары: Темірхан Тебегенов, ақын Аманжол Әлтаев қатысады. Сондай-ақ Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілі - Амандық Көмеков, Сыр бойының жыраулық дәстүрінің өкілі - Елмұра Жаңабергенова, Жетісу жыршылық мектебінің өкілі - Елікбай Иса, халықаралық байқаулардың лауреаты, өнертану магистранты - Күнсұлу Түрікпен, республикалық байқаулардың бас жүлдегері - Дина Нұрабаевалар өнер көрсетеді. Дәстүрлі музыка өнері факультетінің ұстаздары - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - Жанғали Жүзбаев, Айтбек Нығызбаев, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі - Тұрар Алыпбаев, ҚР мәдениет қайраткері - Раушан Оразбаева, Қытай Халық Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері - Гүлнар Абдолла, республикалық конкурс лауреаттары - Толғанбай Сембаев, Қайрат Айтбаев қатысады.

Концертті жүргізуші - Мемлекеттік «Дарын» жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұрай Танабаев.