Астанада алпысқа жуық қалыңдық келіндер шеруіне қатысты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Елорда күніне орай 60-қа жуық қалыңдық ақ көйлектерін киіп, «келіндер шеруіне» қатысты. Күні бойы лимузиндермен және үсті ашық екі қабатты автобуспен қаланы аралаған олар кешке қарай «Астана Опера» театрының алдына жиналып, салтанатты шерудің шешуші сәтіне қатысты.
«Бұл шара ең алдымен отбасылық құндылықтарды насихаттайды. Біздің ойымызша үйлену тойы деген әр адамның өмірінде тек бір рет қана болу керек. Келіндер шеруіне барлығы 58 қалыңдық қатысуда. Бұған кез келгн қалаушы қатыса алады. Олардың жартысына жуығы отбасын құрған әйелдер, ал қалған жартысы енді келін болуға дайындалып жүрген қыздар. Шараның ең үлкен қатысушысы 42 жаста. Олар өздерінің өміріндегі ең ғажайып сәттерді есіне алғылары келеді. Сондықтан біз оларға қолымыздан келгеннің барлығын жасаудамыз», - дейді шараны ұйымдастырушы Қанат Аяғанов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша бүгінде дәл осы кезең үйлену тойларының мерзіміне айналған. Елордадағы ірі үйлену тойы салондарының бірін басқарып отырған Айгерім Әбенова астаналық қалыңдықтардың қазір қандай той көйлегін қалайтынын айтып берді.
«Сән үлгісі сәт сайын өзгеріп отырады. Сондықтан бұл үрдіс үйлену тойына арналған көйлектерді де айналып өтпейді. Қазіргі қалыңдықтар көбіне ашық-шашық емес, мейлінше сыпайы, жабық көйлектерді таңдайды. Сонымен қатар, бүгінде дәстүрлі ақ түсті айвори түсі ығыстырып барады. Сондай-ақ қазір той көйлегін жалға алуда азайған, көбі сатып алады. Негізінен жақсы көйлектердің бағасы 150 мың теңгеден басталады», - дейді ол.