Астанада «Алтын сапа» өңірлік байқауының жеңімпаздары анықталды
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада «Алтын сапа» өңірлік байқауының жеңімпаздары анықталды.
Кеше, қыркүйектің 2-сі күні «Жастар» сарайында «Алтын сапа» өңірлік байқауының көрмесі өтті. «Астананың 2010 жылғы ең үздік тауары» атағын иеленуге елордалық кәсіпорындардың барлығына теңдей мүмкіндік берілді. Айта кетейік, мұндай байқаулар бүгінгі күні Қазақстанның барлық аймақтарында өтіп жатыр. Жеңімпаздар кейін ҚР Президентінің «Алтын сапа» жүлдесі үшін бақ таластыратын болады.
Биылғы жылғы көрме-байқауға қаланың 23 кәсіпорны қатысты, оның 11-і - өндірістік мақсаттағы тауарларды, 8 - халық тұтынатын тауарларды және 4 - азық-түлік тауарларды өндіруші компаниялар.
Бағалауды, құрамына қоғам өкілдері, санитарлық қадағалау қызметі мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері сондай-ақ, мемлекеттік органдар қызметкерлері енген эксперттік комиссия жүргізді.
Эксперттік алқаның өкілі Динара Жайлаубаева атап көрсеткендей, жеңімпаздарды таңдау кезінде - ұсынылған өнімнің экспортқа бағдарлануы, бәсекеге қабілеттілігі, өнімде қазақстандық шикізаттың болуы сондай-ақ, тиісті сертификат пен өнімге қатысты халықтың оң тілектерінің болуы сынды белгілерге назар аударылды.
Эксперттік комиссия ең үздіктерді үш аталым бойынша анықтады.
«Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар» аталымында - «Appel City Buld» ЖШС, «Халық тұтынатын ең үздік тауарлар» аталымында - Астана полиграфия» ЖШС және «Ең үздік азық-түлік тауарлар» аталымында - «Астана-Өнім» АҚ жеңімпаз танылды.