Астанада алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің қатысуымен алтыншы шақырылымдағы Астана қалалық мәслихаттың бірінші кезекті сессиясы өтті.

Астанада алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті

Елорданың ресми сайтының хабарлауынша, сессияның күн тәртібінде алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихат хатшысын сайлау, алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру, алтыншы шақырылымдағы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамын сайлау туралы мәселелер қаралды.

Астана қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Игілік Жалбыров Астана қалалық мәслихаты депутаттарын сайлау қорытындысымен таныстырып, сайланған депутаттарға куәліктер мен белгілер табыстады.

Бірінші сессияда депутаттар Астана қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының төрағалары мен құрамын сайлады. Гайдар Касенов заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы болып сайланды; бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсәпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияға Мирас Шекенов төрағалық етеді; құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссияға Сәрсенбек Жүнісов төраға болады; әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы болып Мажит Шайдаров сайланды.

Астана қалалық мәслихатының хатшысы болып Жанат Нұрпейісов бірауыздан сайланды.

Елорда әкімі Ә. Жақсыбеков қайта сайланған депутаттарды құттықтап, бесінші шақырылымдағы мәслихат хатшысы Сансызбай Есіловтың көп жыл бойы еңбек еткенін ерекше атап өтті, сондай-ақ, бесінші шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттарына жемісті еңбектері үшін алғысын білдірді.

«Елорданың тыныс-тіршілігіне белсенді қатысу керек, өз жұмысыңда қала тұрғындарының сенімін ақтау қажет. Бүгін Президент Парламент Мәжілісінің алдына бірқатар міндеттер қойды, осы тапсырмаларды орындау барысында бізге да жүктелетін ортақ жауапкершілік мол», - деді Ә. Жақсыбеков жаңа шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттарына қаратып айтқан сөзінде.

Айта кетейік, 2016 жылғы 20 наурызда алтыншы шақырылымдағы Астана қалалық мәслихаттының депутаттарын сайлау өтті. 213 сайлау учаскесінде дауыс беру жүргізілді.

Сайлаушылар тізіміне 400445 сайлаушы енгізілді, дауыс беруге 296364 сайлаушы немесе сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 74,0 пайызы дауыс берген. 1821 сайлаушы дауыс беруге арналған орыннан тыс жерде дауыс берген. Қалалық мәслихат депутаттарын сайлау 25 сайлау округі бойынша өтті. Сайлау бюллетеньдеріне мәслихат депутаттығына 56 кандидат енгізілді.