Астанада Америкадан жеткізілген емен ағаштары өсіп жатыр - Джордж Крол

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Халықаралық Жер күні аясында Астанада Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен Алматы ауданының әкімдігі ағаш отырғызу рәсімін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада Америкадан жеткізілген емен ағаштары өсіп жатыр - Джордж Крол

Әкімдік пен елшіліктің бірлескен бастамасымен елорда көшелерінің біріне 15 түп қарағай отырғызылды.

«Өздеріңізге белгілі, жыл сайын сәуір айының соңында Халықаралық Жер күні аталып өтеді. Сондай-ақ, Америкада ауа сапасы апталығы өтеді. Өйткені АҚШ-тың бірнеше қаласында қоршаған орта мен ауаның ластануы мәселелері бар. Ағаштар - ауаны тазалаудың таптырмас құралы, сондықтан америкалықтар көбірек ағаш отырғызуға тырысады. Қазақстан Президенті де арнайы бағдарлама құрып, Астананың айналасына миллиондаған ағаш отырғызды. Бұл нағыз тамаша бастама», - деді Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісі Джордж Крол.

Джордж Крол жыл сайын елшілік қызметкерлерінің ағаш отырғызуға белсене қатысатынын, АҚШ елшілігі аумағында 400-ге жуық ағаш бар екенін атап өтті. Олардың арасында қарағай, қайың, тіпті Солтүстік Дакота штатынан жеткізілген емендер де бар.

«Былтыр ЭКСПО-2017 көрмесіне АҚШ-тан президенттік делегация келді. Сонда АҚШ Конгресінің депутаты Солтүстік Дакота штатынан 30-40 түп емен көшетін әкелді. Бұл көшеттерді елшілікке және жақында ашылатын Астананың ботаникалық бағына отырғыздық. Солтүстік Дакота мен Астананың климаттары ұқсас. Сондықтан, біздің көшеттеріміз болашақта алып ағашқа айналады деп үміттенеміз», - деді ол.

Сондай-ақ, Джордж Крол Астанаға арнайы ауысып келген АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілін таныстырды.

«Қаңтар айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа сапарлап, Дональд Трамппен кездескен болатын. Олар АҚШ пен Қазақстан арасындағы климат, ауыл шаруашылығы бойынша қарым-қатынасты дамытуға уағдаласты. Рэйчел - агрономия мен мал шаруашылығы бойынша сарапшы, ол Қазақстанның барлық өңірлерін аралап шықты», - деді Дж. Крол.