Астанада АӨСШК елдері волонтерлік қозғалыстары жетекшілерінің жиынын өткізу ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – АӨСШК-ге мүше мемлекеттер жетекші университеттерінің серіктестік желісін құру үлкен перспективалар мен мүмкіндіктер ашады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада АӨСШК елдері волонтерлік қозғалыстары жетекшілерінің жиынын өткізу ұсынылды

«Экономикалық іс-шаралар адами өлшемге, адам ресурстарын сақтауға және дамытуға бағытталған жағдайда ғана тиімді деп санауға болады. Биылғы шілде айында Астанада Жастар кеңесі отырысының сәтті өтуі осы бағыттағы ынтымақтастықтың зор болашағын көрсетеді. Осыған байланысты 2024 жылы Астанада Жастар кеңесінің мұрындық болуымен АӨСШК елдері волонтерлік қозғалыстары көшбасшыларың слетін өткізуді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің жетекші университеттерінің серіктестік желісін құру үлкен перспективалар мен мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Бұл желі арқылы IT, нанотехнология және жаңартылатын энергия көздері саласындағы тың бастамалар бойынша тәжірибе алмасуға болады.

«Қазақстан АӨСШК-ні одан әрі дамытуға ниетті. Кеңестің бірегей форматы мен географиясын ескере отырып, оның перспективалары мен болашағы зор екеніне сенімдімін. Форум қатысушыларының жұмысына табыс, ортақ ұйымымызды нығайту жолында жаңа жетістіктер тілеймін», - деді Мемлекет басшысы.