Астанада «AqJaima» қайырымдылық фотокөрмесі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – 13-21 мамыр аралығында «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығында Rotary Club Astana қолдауымен фотограф Оспан Әлидің «AqJaima» авторлық көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада «AqJaima» қайырымдылық фотокөрмесі өтіп жатыр
Фото: Rotary Club Astana

«AqJaima» фотокөрмесі өмірінің соңғы уақыттарын өткізіп жатқан науқастар емделетін медициналық ұйымның күнделікті өмірінен сыр шертеді. Сонымен қатар мекемеде қызмет ететін санитарлар, медбикелер мен дәрігерлердің қажырлы еңбегі суреттелген.


«Ақжайма - жеке өміріміздің көпшілікке көрінбейтін бөлігі, шынайы эмоцияларымыз бен сезімімізді сақтайтын нәрсе. Әртүрлі дақтар мен иістерге малынған хоспис (өмірінің соңғы уақыттарын өткізіп жатқан науқастар орналасатырылатын медициналық ұйым - автор) ақжаймаларын көргенде, мен адамдардың тағдырын сезіндім, өмір сүргісі келетін адамдардың тағдырын көрдім», - деп бөлісті Оспан Әли.


Фотокөрмеге келушілер Rotary Club Astana ұйымының шотына ақша аудару арқылы, хосписке қолдау көрсете алады.

Айта кетейік, фотограф Оспан Әли URKER-2019 сыйлығының жеңімпазы, «Мен – қазақ даласының қызымын» фотокөрмесінің және басқа да экспозициялардың авторы. Оның фотожұмыстары БҰҰ-дағы (Женева) «Қазақстан - Ұлы Дала Елі», «Швейцария миниатюрада» (Швейцария), Carrousel du Louvre (Париж) галереясындағы «Қазақстан сұлулығы» және өзге де қазақстандық және халықаралық фотокөрмелерге қойылған.