Астанада аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді
АЛМАТЫ. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Аралас жекпе-жектен күзге қарай Астанада халықаралық турнир өтеді.
Оны бұл байрақты бәсекені ұйымдастырушылар бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жарыс "Жастар" спорт кешенінде өтеді. Қазіргі таңда бұл турнирдің нақты уақыты мен пішіні айқындалып жатыр", дейді осы шараны ұйымдастырушы, Алматыдағы Республика сарайының директоры Дәурен Жұмағалиев.
Абсолюттік жекпе-жектердің бүкіләлемдік кеңесі (WAFC) тұжырымдамасының қолдауымен бұған дейін мұндай шара сәуірдің 26-сы күні Алматыда өткен болатын. Бүгін ол өз жалғасын тауып аралас жекпе-жектен WAFC тұжырымдамасы бойынша 75 келіге дейінгі салмақтағы Әлем чемпионы атағы сарапқа салынғалы отыр. Онда аралас жекпе-жектен 1 рейтингтік, 1 титулдық және кәсіпқой бокстан 1 ретингтік жекпе-жек өтеді. Титулдық кездесу қазақстандық Бейбіт Назаров пен оңтүстік кореялық Сео Сюнг Кионг арасында болады.