Астанада әрбір екінші жұмыссыз еңбекпен қамтылып жатыр - Жұмыспен қамту орталығы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Жұмыспен қамту орталығына жүгінген әрбір екінші жұмыссыз еңбекпен қамтылып жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында елорда әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омаров мәлім етті.

Астанада әрбір екінші жұмыссыз еңбекпен қамтылып жатыр - Жұмыспен қамту орталығы

«Жыл басынан бергі 10 айда бізге 10 мыңға жуық адам келіп, 4,5 мыңын жұмысқа орналастырдық. Яғни, бізге жолыққан әрбір екіншісі адам жұмыспен қамтылды», - деді ол.

О. Омаровтың сөзіне қарағанда, егер де қандай да бір себептермен жұмысқа орналасу мүмкін болмай жатса, онда қайта даярлау курстары ұсынылады. Осы орайда ағымдағы жылы 627 адам қайта даярлаудан өткен.

Сонымен қатар жастарға, орташа арнайы, жоғары оқу орындарының түлектері үшін еңбегі төленетін жастар тәжірибесінен өту ұсынылады. Биыл 585 адам жастар тәжірибесіне жіберілді. Атап айтқанда, мемлекет айына 40 мың теңге төлейді.

Бұдан бөлек О. Омаров халықтың мақсатты топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасудың арнайы бағдарламасы бар екенін еске салып өтті.

Мұнымен қоса, жұмыссыздар уақытша жұмыс орындарына жіберіледі, яғни еңбекақысы төленетін қоғамдық жұмыстармен қамтылады. Биыл 1700 адам осындай жерлерге бағытталды.

«Оқудағы жастарға, студенттерге арналған тиісті шара бар. Оқудан бос уақытында олар қосымша табыс таба алады. 1,5 мыңға жуық студент осы шарамен қамтылды. Сонымен бірге орталық бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізеді. Биыл 12 жәрмеңке ұйымдастырылды», - деді ол.