Астанада ардагер қаламгердің жаңа кітабы жарық көрді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада ардагер қаламгер Бақыт Жасқалиеваның «Жылы жүрек» атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Б.Жасқалиқызы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында дүниеге келіп, біраз жыл Орал қаласында тұрып, еңбек етті. Соңғы жылдары елордада тұрады.
Өмірлік жолдасы Дайыр Досаев елімізге белгілі журналист, ұзақ жыл Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет етті, қазір зейнет демалысында. Екеуі ұл-қыз өсіріп, немерелер тәрбиелеп отырған берекелі отбасы.
Бақыт Жасқалиева – еңбекқор журналист. Мақалалары әр жылдары аудандық, облыстық және республикалық газеттерге жарияланған. Кітапқа іріктеліп алынған шығармаларының өзі 500 беттен асып отыр. Автордың тақырыпты таңдай білетінін анық аңғаруға болады. Қаламгердің көздеген мақсаты – еңбегімен елге танылған замандастары немесе ерекше тағдыр иелері туралы мақала жазып, халыққа таныстыру, олардың арман-тілегін жеткізу және көкейдегі проблемаларына қоғамның назарын аудару. Осы орайда, қалам иесінің қол жеткізген табыстары баршылық.

Автор «Елім үшін!» деп ерен еңбек етіп жүрген, бірақ өздерін қарапайым ұстайтын жандар туралы жазып, жақсылықтардың жаршысы бола білген. Астанаға қоныс аударған соң да, елордада тұратын ғалым азамат, іскер әйел-аналар, ұстаздар жайлы қалам тербеп, «Адамға құрмет те, бақыт та еселі еңбекпен келеді» деген қағиданы дәлелдей түседі.
Қаламгердің еңбек майталмандары туралы жазған мақала, очерктері бастапқыда Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетіне шыға бастайды. Одан кейін мақалалары облыстық «Орал өңірі» газетінде тұрақты жарық көреді. Сондай-ақ Орал қаласындағы «Еділ-Жайық» пен «Жүздесу» басылымдарымен де шығармашылық тығыз байланыста болған. Ал астанаға қоныс аударған соң, ерекше кейіпкерлері туралы туындыларын республикалық «Төртінші билік» газетіне ұсынып келеді.
Зиялы қауым бас қосқан ортада автордың «Жылы жүрек» кітабының таныстырылымы болып өтті. Қазақстанның құрметті құрылысшылары Мақсот Мұхатов пен Мақсот Бекқұлов, ардагер журналист Баян Мұхамбетқалиев жаңа жинақ туралы жылы лебіздерін білдірді. Ардагер ұстаз Ардақ Қайырғалиқызы ақ тілегін арнап, шашу шашты.
«Бұл кітапты оқыған жандар адамдық құндылықтардың бағасын білетін болады. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ тағылым алатын тұстары да көп. Немерелеріміз осы кітаптағы кейіпкерлердің, яғни, ел-жұртқа қадірлі болған асыл азаматтардың қасиеттерін бойларына жинап, үлгі алғаны жөн», - деді Мақсот Мұхатов.


«Бақыт Жасқалиева апамыздың «Жылы жүрек» кітабы Нарынның құмы да, елі де, ері де киелі елдің көркем шежіресі десек болады. Атасын сөздің өлтірмей, атына бір сөз келтірмей, әрбір ісі берекелі болған апамыздың елге ұсынған «Жылы жүрек» кітабының жылылығы өзін ғана жылытпай, өзгені де жылытатынына сенеміз», - деді «Төртінші билік» газетінің директоры – бас редакторы, журналист Төлемырза Балтабаев.
Жиналған қауым алдында ризашылығын жеткізген кітап авторы Б.Жасқалиева: «Мен қарапайым ғана мыңдаған қазақ әйелдерінің бірімін. Жазған дүниелерімді жарқыратып шығарып, қаншама жанның жүрегіне қуаныш сыйлаған бұқаралық ақпарат құралдарына айтар алғысым шексіз. Бәрі де қолдау көрсетті. Ал кітаптағы кейіпкерлерім туралы айтар болсам, Құдай біледі, біразы тап қазір жұмақта жүргеніне сенімдімін. Себебі олардың бәрі де өте жақсы, ақ ниетті адамдар. Бірақ олардың ұл-қыздары, ұрпағы, жақсы қарым-қатынаста болған жайсаңдары арамызда жүр. Уақыты келіп бірі ата-анасын, бірі құрбы-достарын, қызметтес-әріптестерін сағынып іздегендерге бұл кітабым сол іздеушілердің қажетіне жарап жатса, онда менің мұрат-мақсатымның орындалғаны», - деді толқып сөйлеп.
24 баспа табақтан тұратын кітаптың бірінші бөлімі «Жылдар жырлаған жырлар» деп аталады, мұнда автордың өлеңдері берілген. Ал «Кейіпкерлерім – сүйікті ерлерім» бөлігінде мақалалары топтастырылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жаңа театрдың ұлт ұстазына арналған спектакльмен ашылғанын жазған болатынбыз.




