Астанада ардагерлер кеңесіне жаңа төраға сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігінде Астана қаласы ардагерлер кеңесінің Х есептік-сайлау конференциясы өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Астанада ардагерлер кеңесіне жаңа төраға сайланды

«Конференция жұмысына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев қатысты. Конференция қорытындысы бойынша делегаттар қалалық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасын сайлады», делінген хабарламада.

Конференцияда өткен жылы атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылып, ұйым президиумы мен комиссия мүшелері сайланды, сонымен қатар, ардагерлер ұйымдарының республикалық съезіне қатысатындар тізімі бекітілді.

Қалалық ардагерлер кеңесі елорданың егде жастағы тұрғындарына қызмет көрсететін барлық басқармалармен және құрылымдармен белсенді ынтымақтастық орнатты. Ардагерлерге қолдау көрсетіп, ұйымға демеушілік көмек көрсететін елордалық кәсіпкерлер мен бизнесмендерге алғыс айтылды.

Елордалық қарт адамдар мен ардагерлер қаланың тыныс-тіршілігіне белсенді араласады. Олар мектеп оқушыларымен және студенттермен кездеседі. Ардагерлердің демалуы үшін жыл сайын мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады, шағын орталықтар жұмыс істейді. Алматы ауданында зейнеткерлерге арналған 14 шағын орталық бар, жақында тағы да бір демалыс орталығы Есіл ауданында ашылды.

Конференция делегаттары ұйым жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Конференция соңында Астана қаласы ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы болып Сансызбай Есілов сайланды.
null null