Астанада арендалық баспана кезегіне ғаламтор арқылы тіркелуге болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі әлеуметтік арендалық пәтерлерге тапсырылатын құжаттарды ғаламтор арқылы электрондық форматта қабылдауды жоспарлауда.
Бұл туралы бүгін арендалық баспана құрылысы бағдарламасының орындалу барысын қадағалаушы қоғамдық кеңесінің отырысында Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин мәлім етті.
«Аймақтарды дамыту 2020 бағдарламасының жаңашылдықтарының біріне ерекше тоқталғым келеді. Бұл - құжаттарды ғаламтор арқылы қабылдау. Ақпараттық технологиялар орталығымен бірлесіп, қала әкімдігі құжаттарды өтініш берушінің электронды қолтаңбасы арқылы қабылдаудың жаңа платформасын жасады. Аталған шара құжаттарды қабылдау уақытын азайтады және адами факторды алып тастайды. Себебі өтінішті қарастыру кезінде қатысушы туралы ақпараттар автоматты түрде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынып отырады», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай тәсіл ашықтықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ қатысушылардың құжат тапсыру кезінде ұзын-сонар кезекке тұруын қажет етпейді.
Қазіргі уақытта Астана бойынша 36 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Лукиннің айтуынша, бұл ел бойынша ең жоғары көрсеткіш.