Астанада «Арманда кеткен боздақтар» атты кітаптың таныстырылымы болады

АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында мамырдың 6-сы күні Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Ұлы Отан соғысы жылдары Германия мен Австрия аумақтарында қаза тапқан қазақстандықтарға арналған «Арманда кеткен боздақтар» атты естелік кітаптың таныстырылымы болады.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның Германиядағы Елшілігі Саяси террор құрбандарын еске алу жөніндегі саксон мемориалдары бірлестігінің жанындағы құжаттама орталығымен бірлесе отырып аталмыш кітапты шығаруға материалдар жинауда қыруар жұмыстар атқарған. Кітапта Ұлы Отан соғысы жылдарында Германия аумағындағы концентрациялық лагерьлерде қаза тапқан 6200-ден астам қазақстандықтар туралы ақпараттар берілген. Сонымен қатар Қазақстаннның Австриядағы Елшілігі Больцман атындағы соғыс салдарын зерттеу институтымен және Австриялық қара крестпен бірлесіп 980 қазақстандықтар жерленген орындар туралы ақпараттар берілген естелік кітапты дайындап шығарған. Бұл кітаптың таныстырылымы сәуірдің 27-де Венада өткен.

«Бірінші рет жарық көріп отрыған бұл бірегей мұрағаттық материалдар жиынтығы Қазақстанның әртүрлі санаттағы азаматтарына сол кезеңдегі тарихпен және отандастарымыздың жеңіске қосқан үлесімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді», деді ресми өкіл.

А. Әбдірахмановтың айтуынша, кітаптың таныстырылу рәсіміне соғыс ардагерлері, Қазақстанның Ардагерлер ұйымының, Қорғаныс министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің, шетелдік дипломатиялық корпустың және БАҚ өкілдері қатысатын болады.

Соңғы жаңалықтар