Астанада «Армысың, әз Наурыз» мерекелік концерті өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Армысың, әз Наурыз» көктемгі мерекелік концерт өтті. Еріктілер қазақтың ұлттық ойындарына қатысып, дәстүрлі мерекелік дәмнен ауыз тиіп, сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік бағдарламаны тамашалады, деп хабарлады astana.gov.kz.
Думанды мереке Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының алдында болды. «Армысың, әз Наурыз!» концерті - биылғы Наурыз мейрамын тойлаудың бастауы. Шараны ұйымдастырушы - Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы. Концерттің бірінші бөлімі театр алдындағы алаңда өтті, киіз үйлер тігіліп, қонақтар дастарханнан дәм татты. Киіз үй маңында бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақан теуіп, ойын-сауық құрды. Қонақтар ұлттық спорт түрлерінде күш сынасты. Халық аспаптарында орындаушылардың музыкалық ұжымдары қонақтардың көңілін көтеріп, маңайды ән мен күйге бөледі. Мерекелік шараның екінші бөлімінде Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының сахнасында дәстүрлі халық музыкасын орындаушылар, қазақстандық эстрада жұлдыздары мен театр әртістері өнер көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты - ана тілін дәріптеу, халқымыздың ерекше мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын таныстыру.