Астанада арнайы автобус жолағын салу биылғы маусымда басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада арнайы бөлінген жол жолағымен жылдам жүретін автобус жүйесін салу биылғы маусымда басталады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков айтты.
«Жолаушыларды алыс-жақын арақашықтықта тасымалдау үшін де қолайлы автокөлік қажет. Ол үшін BRT (Bus Rapid Tranzit) - арнайы бөлінген жол жолағымен жылдам жүретін автобус жүйесі іске қосылады. Жоба 3 тараудан тұрады», - деп атап өтті ол.
Әкім орынбасарының айтуынша, BRT құрылысы 2014 жылдың маусым айында басталады (ұзақтығы 22,4 км, 26 бекеттен тұрады, 27 бірлік жылжымалы құрам). Құрылыс-монтаж жұмыстары 2015 жылы желтоқсанда жалғастырылады. Ал қолданысқа 2016 жылдың наурыз айында беріледі. Ал 2-3-кезеңдері 2015-2017 жылдары аяқталады.
«Бірінші кезек қаланы қазіргі халықаралық әуежаймен байланыстырады, ол жолда ЕХРО алаңын, Әбу Даби Плаза ғимаратын басып өтіп, болашақта жаңа халықаралық теміржол вокзалы салынатын жерге барып тіреледі», - деді Қ.Сұлтанбеков. Айта кетейік, BRT-жобаның жалпы құны 95 млрд. теңгеге бағаланып отыр.