Астанада «Арт-Дала» жаңа заман өнерінің көрмесі ашылды

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Көрме орталығында «Арт-Дала» атты жаңа заман өнерінің көрмесі ашылды.
None
None

Онда Германия, Италия, АҚШ, Швейцария, Австрия, Чехия, Литва, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Мексика және тағы басқа елдерде көрмелерге қатысып жүрген еліміздің жаңашыл бағыттағы суретшілері қатысты. Олардың арасында есімдері өнерсүйер қауымға кеңінен танымал Саид Атабеков «Ер-тұрман», Смаил Биялиев «Үйір», Сырлыбек Бекботаев «Дала гүлдері», Арыстан Шалбаев «7 күн» сияқты туындыларын көпшілікке ұсынды.

Жалпы айтқанда көрмеге инсталяция, фотоарт, видеоарт, перфоманс, хеппенинг, поп арт, энвайрамент, концептуалдық жанрдағы картиналар қойылды. Жобаның мақсаты жаңа технологияларды және жергілікті ресурстарды пайдалана отырып, дала мәдениетін әлемдік деңгейде көрсету. Мәселен «Үйір» атты композицияда темір қаңқаларды киізбен құрап қаптаған жылқылардың бастары бейнеленген. Немесе «7 күн» жұмысында кәдімгі қазақтың күлшесі іспеттес жасалған 7 дөңгелекке жол жүру ережелерінің 7 түрлі шектеу қою белгілері салынған.

«Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері жаһанда болып жатқан интеграциялық жағдайларды бастан кешірумен қатар, сол бағытта дамуға ұйытқы болып отырған көшбасшы мемлекеттердің бірі. Бұл өзгерістер тек экономикаға ғана емес, өнер саласына да ықпалын тигізуде. Жаңа заман, жаңа өнер, жаңа талап біздің суретшілерімізге баламалы жобалар жасауға бірден-бір қозғаушы күш ретінде әсер етіп, шығармашылық жағынан жаңа мүмкіндіктер туғызды», - дейді шараны ұйымдастырушы «Қазақстан халқының рухани даму қорының» президенті  Бақытжан Құлжабаев.

Айта кетейік, көрме ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен ұйымдастырылып, шет елдерден өнер саласының танымал сыншылары шақырылды.

Соңғы жаңалықтар