Астанада арулар мерекесі күні ұлттық нақышта дайындалған балет өнері көрсетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 наурызда «Астана Опера» театрының Үлкен залында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ғашықтық сезімін білдіру» атты романтикалық мерекелік концерті өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
Симфониялық оркестрдің шебер музыканттары, ерекше хор құрамы, балалар студиясының жас әртістері, опера және балет өнерінің үздік шеберлері елорданың сахнасынан аруларға деген ықыласты сазбен жеткізеді.
Көрермендерді атақты тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Бекмұхамбетов, сонымен қатар театрымыздың опера жұлдыздары: Арменияның халық әртісі Барсег Туманян, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Жәмилә Жарқымбаева, халықаралық байқаулардың лауреаттары: Салтанат Мұратбекова, Бейімбет Таңарықов, Болат Есімханов, Нарұл Тойкенов, Галина Чеплакова, Роза Нұркей, Әсем Сембина, Елена Ганжа, Қазбек Досмұхамбетов, Мәдина Исламова сияқты әртістеріміз өнерлерімен таңқалдырады.
Тыңдаушылардың назарына опера классикасының көрнекті шығармалары: Л.Делибтің «Лакме» операсынан Лакме мен Маликаның нәзік «Цветочный» дуэті, Ж. Бизенің «Кармен» операсынан қызу қанды тореадор Эскамильоның шумақтары, П. Чайковскийдің «Иоланта» операсынан Робертоның ариясы, Р. Штраустың «Серенада», С.Гастольдонидің «Тыйым салынған әуен», Естайдың «Құсни-Қорлан», көпшілік сүйіп тыңдайтын халық әндері - «Ақбақай», «Вдоль по Питерской» және басқалары.
Опера нөмірлерінің кезегіне ұлттық нақышта дайындалған балет өнері келеді: ұлттық нақыштағы билер, заманауи хореографиялық нөмірлер, классикалық балет жауһарларынан сахналық көріністер қойылады.
Театрдың режиссері Наталья Кагадий осы салтанатты кеште классикалық өнер табынушыларын шығармашылық ұжымның тағыда қандай өнерлерімен қуантатынын айтып өтті.
«Мерекелік кеште біз толғанарлық тосын сыйлармен бірге музыкалық тұсаукесерлер дайындап отырмыз, көптеген шығармалар жаңаша түрде орындалатынын болады. Сонымен қатар көрермендерді оперетта музыкасы да күтуде. Жалпы, біз классикалық академиялық концерт үлгісінен сәл алшақтаймыз - бұл жан-дүние, көңіл-күйді баурап алатын, өте әдемі көрініс, музыкалық феерия болмақ», - деп атап өтті Наталья Кагадий.