Астанада ашылған 51-ші халықаралық математикалық олимпиада барысында оқушылар екі күннің ішінде алты есепті шығарулары тиіс

Бұл туралы олимпиаданың ашылу салтанатында журналистерге берген сұхбатында дүниежүзілік деңгейдегі отандық математик ғалым, қазылар алқасы төрағасының орынбасары Асқар Жұмаділдаев айтты.
«51-ші Халықаралық математикалық олимпиаданың Қазақстанда өтуі, дүниежүзінің ең мықты деген математиктерінің Қазақстанға ат басын бұруы біздің математик ғалымдар үшін үлкен абырой, үлкен мақтаныш. Біз қазір Алматыдан келе жатырмыз. Онда есептерді таңдаумен қатар, халықаралық олимпиаданың ендігі төрағасы кім болады деген секілді ірі мәселелер шешілді. Математика түсініксіз ғылым саналғанымен кез келген елдің ғылым деңгейі осы математика ғылымының деңгейімен өлшенеді», - деп атап өтті ол.
Қазылар алқасы олипиадаға ұсынылған 2 мыңға жуық есептің 6-уын талдап алды. Жарыстар «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтеді. Екі күнге жалғасатын олимпиаданың әр күнінде оқушы 3 есептен шығаруы тиіс болады. Оған 4 сағат уақыт берілмек. Қалған үш күнде қазылар алқасы жұмыс істеп, шілденің 13-і күні Астанада жеңімпаздарды жариялайтын болады.
А.Жұмаділдаев атап көрсеткендей, есептер өте қиын және бағалау барысында оның шығарылу әдісі мен өрнегіне мән берілетін болады. «Біріншіден, есептің шығарылуы өте әдемі болуы керек. Екіншіден, өте қиын да, өте оңай да болмауы керек. Осы екі шартты қанағаттандыратын, ертегі сияқты есепті шығару оңай шаруа емес», - дейді ол.
Айта кетейік, Халықаралық математикалық олимпиадаға 100-ге тарта елдің әрқайсысынан 6 оқушыдан келді. Олардың арасында бұған дейін түрлі халақыралық додаларда жүлделі орындарды иеленіп жүрген 6 отандасымыз да бар. Олимпиаданың бұған дейінгі жарыстарында жүлделердің басым денін Қытай Халық Республикасының жастары олжалап келді. 2009 жылы Германияда өткен 50-ші олимпиадада қазақстандық жастар 3 күміс пен 3 қоланы жеңіл алды.