17:18, 12 Қазан 2013 | GMT +5
Астанада әскери әндердің үздіктері анықталды
АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада әскери әндердің «Жас ұлан - 2013» XV республикалық фестивалінің қорытындысы шығарылды. Осыған орай, Конгресс-холл ғимаратында гала-концерт өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Биылғы фестивальде жүлделі орындардан басқа бірнеше аталым бойынша жеңімпаздар анықталып отыр. Осылайша, «Патриоттық әнді үздік орындау» аталымында Қарулы күштердің қызметкері Базаргүл Ақсубаева оқ бойы озық шықса, «Үздік шеберлік» - Әскери теңіз күштерінің старшинасы Тимур Мұстафинға, ал «Көрермен көзайымы» атағы Асан Өсербаевқа (58012 әскери бөлімшесі) тапсырылды. «Вокалды аспап ансамблі» аталымында бірінші орынға Әуе қорғаныс күштерінің «Сұңқар» ансамблі ие болса, екінші орында - Әуе ұтқыр күштерінің №18404 әскери бөлімшесінің «Қыран» ансамблі, ал үшінші орынды №91678 және №21450 әскери бөлімшелерінің вокалды квартеттері қанағат тұтты. «Фольклорда» - Радиоэлектроника және байланыс бойынша әскери-инженерлік институтының фольклор тобы (1-орын), Жаяу әскер бойынша әскери институттың курсанты Талғат Сейтқожин және «Оңтүстік» фольклор оркестрі (2-орын), «Арыстан» лицейі мен «Орталық» аймақтық басшылығының майоры Мырзабек Болысбаевтар (3-орын) жеңімпаз атанды. «Вокал» аталымында №85395 әскери бөлімшесінің «Қырандар» тобы бірінші орыннан көрінсе, Ішкі әскердің №3660 әскери бөлімшесінің ефрейторы Денис Яковлев және артиллерия мен зымыран әскері №36803 бөлімшесінің сержанты Жанна Омарбекова екінші орынды, Республикалық гвардияның №0112 әскери бөлімшесінің кіші сержанты Ернұр Әбдірахымов пен «Шығыс» аймақтық басшылығы №27943 әскери бөлімінің аға лейтенанты Жанбота Тойшыбеков үшінші орынды иеленді. Ал «Жас ұлан - 2013» XV республикалық фестивалінің Гран-при жүлдесін «Жас ұлан» мектебінің II оқу ротасының сарбазы Темірлан Марксов жеңіп алды.