Астанада «Әскери қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау» атты жинақтың таныстырылымы өтті
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері дайындаған «Әскери қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау» атты жинақтың таныстырылымы болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш жинақ заң шығарушы және атқарушы билік өкілдеріне әскерилердің өміріне қатысты құжаттарды қабылдау кезінде пайдаланатын ақыл-кеңес құралы ретінде, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға арнап шығарылған.
Естеріңізге сала кетейік, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымына бұрын қорғаныс саласы, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органдары мен прокуратурада ұзақ жылдар қызмет еткен генерал шеніндегі тәжірибелі ардагер азаматтардан құрылған қоғамдық ұйым. «Генералдар корпусы қашанда мемлекеттігіміздің іргесін нығайтуға, ұлттық тәуелсіздігіміз бен республиканың тұтастығын қамтамасыз ету бағытындағы шараларды тұрақты қолдап келеді. Бүгінде кеңес өкілдері әскери қызметкерлер күш-қуат құрылым өкілдері мен олардың отбасыларының әлеуметтік мәселелеріне баса көңіл бөлуде», дейді «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымы президиумы төрағасының орынбасары Тұрсын Айжолов.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы қоғамдық бірлестік өкілдері Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Әскери қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау» жобасын жүзеге асырған. Жобаның мақсаты әскерилердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталу жағдайына арнайы талдау жасап, елдегі осы бағытта қалыптасқан жағдайды анықтап, аталмыш мүдделер мен құқықтар бұзылған жағдайда оны жою жолдарын қарастыру болатын. Осыған қарай ұйым өкілдері жыл бойына әскерилердің құқықтары мен мүдделеріне байланысты конференциялар мен дөңгелек үстел отырыстары түріндегі жиындар ұйымдастырған. Сондай-ақ елдегі бірқатар әскери бөлімдерде әскери қызметшілер арасында сауалнама жүргізіп, халықаралық тәжірибені зерттеген. Бүгін таныстырылымы өткен жинақ осы шаралардың қорытындысы бойынша дайындалып отыр.