Астанада әскери оркестрлердің гала-концерті өтті
АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Қарулы күштері, ҚР ІІМ мен ҚР ҰҚК құрылымдары оркестрлерінің «Әскери керней» атты гала-концерті өтті.
ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Қолбасшысының жүлдесі үшін болған байқауға Петропавл, Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Семей, Орал қалаларынан әскери оркестрлердің ұжымдары келіп қатысты.
Рух көтеретін әскери саздың, әскери оркестрлердің гала-концерті тұңғыш рет әскери оркестрлердің кәсіби шеберлігін жетілдіру және насихаттау, әскери қызметтің беделін көтеру және жас ұрпақты қазақстандық патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында өткізіліп отыр.
Ішкі әскерлердің және Қарулы күштердің 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған шара Астана тұрғындары мен қонақтардың есінде қалатын, ерекше әсерге бөлейтін өнер сайысы болды. Әскери оркестрлердің концерттік бағдарламасына классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық нөмірлермен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, плац-концерт және әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілген танымдық көрсетілімдері енген.