Астанада әскери парадқа өңірлерден 246 ардагер келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы мәдениет басқармасының хабарлауынша, елордада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай бірқатар мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтынан.
ҰОС ардагерлеріне деген ілтипат бұл күнде әдеттегіден де жоғары болатыны мәлім. Мамыр айының 6-10 аралығында Астана қаласына Қазақстанның өзге өңірлерінен арнайы ардагерлер делегациясы келеді.
Жалпы, аймақтардан 246 соғыс ардагері мен 73 сүйемелдеуші тұлға Жеңіс күні парадына келмек. Сонымен қатар, мамырдың 9 күні қала көшелерінде 45-ші жеңіл атлеттер эстафетасы өтеді.
Астана қаласының әкімдігі темір жол вокзалында және халықаралық әуежайда ардагерлерді үрмелі аспаптар оркестрімен қарсы алып, шығарып салады және гүл шоқтарын сыйлайды.