Астанада әскери полиция отрядының қызметшілері қылмыстың алдын алды
ҚР ҚМ Режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Әскери полиция отрядының тәуліктік наряды желтоқсанда мереке күндерінің қарсаңында кезекшілік жасаған болатын. Таңғы 04.20-лар шамасында 4-посттың сақшысы сержант Б. Болат Сығанақ және Ақмешіт көшелерінің қиылысында канализациялық люкті ашқан күдікті адамды байқайды. Люкке тағы екі адам қарғып түседі.
Сақшы іле-шала аға лейтенант Н. Сүлейменовке хабарлайды. Кезекші оператор - қатардағы жауынгер Д. Әділ басқарылатын камера арқылы белгісіз адамдардың қимылдарын қадағалап отырады. Қабылданған шаралар мен тәуліктік нарядтың іс-қимылы нәтижесінде күдікті адамдар құрықталып, ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне табысталды.
ҚР ІІМ қызметкерлерінің жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында олардың техникалық үңгіжол арқылы телекоммуникацияның мыс кабельдерін ұрламақ болғаны анықталды. Қырағылықтары үшін аға лейтенат Н. Сүлейменов, сержант Б. Болат, аға сержант Р. Нүсіпжанов және қатардағы жауынгер Д. Әділге алғыс жарияланды.