Астанада әскерилер арасында AIBA қағидасы бойынша бокстан ашық турнир өтуде (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Жас ұлан» республикалық мектебінде ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің боксынан ІІІ ашық турнир басталды. Турнирге офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қатыса алады.
«Бокс - бұл еліміздегі сұранысқа ие спорттың бір түрі. Бұл спорт түрінде былғары қолғап шеберлеріміз халықаралық аренада үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Спорттың аталмыш түрі Қарулы күштерінің жүйесінде де танымал болып келеді. Бұл турнирдің алдында бөлімдер мен құрамаларда, өңірлік қолбасшылықтарда, тікелей бағынысты бөлімдерде үздік боксшыларды іріктеу бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Бүгінде біз боксты ғана емес, сонымен бірге Қарулы күштері қызметкерлерінің дене даярлығын тамашалаймыз. Себебі, төзімділік - бұл жауынгерлік даярлықтың, Қарулы күштеріміздің жауынгерлік әзірлігінің бір бөлігі», - деді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы - ҚР ҚК ҚӘ БҚБ жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы генерал-майор Сәбит Құдайбергенов.
Турнир AIBA халықаралық бокс федерациясының халықаралық ережелері бойынша өткізіледі. Команданың құрамы - 10 адам (8 спортшы, 1 өкіл және 1 төреші). Сайысқа 56, 60, 64, 69, 75, 81, 91 келіге дейінгі және 91 келіден жоғары салмақтағы қатысушылар қатыса алады.