Астанада «Астана дарыны» ақпараттық-әдістемелік журналының тұсаукесері болды

АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасында «Астана дарыны» ақпараттық-әдістемелік журналының тұсаукесері болып өтті.

Астанада «Астана дарыны» ақпараттық-әдістемелік журналының тұсаукесері болды

Журнал жастар шығармашылығын ынталандыру арқылы оларды ғылыми, шығармашылық және қоғамдық жұмыстарға тарту мақсатында жарыққа шығарылып отыр.

«Астанада, жалпы Қазақстанда дарынды, іскер жастар өте көп. Үздіксіз өтіп жатқан халықаралық олимпиадаларға, шығармашылық жарыстарға жастардың көптеп қатысуы және жүлделі орындарды еншілеуі осының айқын дәлелі. Дарыны дара, парасат-пайымы заңғар биік жастар туралы мақтанышпен неге айтпасқа. Міне осындай мақсатта біз оқушылар мен ұстаздарға арналған журнал шығаруды көздедік», - деді аймақтық ғылыми-тәжірибелік «Астана дарыны» орталығының директоры Майра Құрманбаева.

Журналдың бірінші басылымы 500 дана таралыммен жарыққа шықты. Майра Құрманбаеваның айтуынша, болашақта журнал таралымын 1300 данаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Аталмыш журнал үш тілде шығарылады және оқушылардың қазіргі таңдағы өмірінен, жетістіктерінен кең көлемді мағлұмат беретін жеті айдардан тұрады. Журналдың «Ақыл-дария», «Психологиялық қызмет», «Калейдоскоп» сынды айдарларынан әлемдегі дарынды балалар, ата-аналар мен ұстаздарға қажетті пайдалы кеңестер, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген талабы тегеурінді жастар жөнінде қызықты ақпарат алуға болады. Келешекте айдарлар санын арттыру көзделініп отыр.

«Астана дарыны» ақпараттық-әдістемелік журналы бүкіл Қазақстан Республикасы аумағында барлық білім беру мекемелерінде таратылатын болады.