Астанада «Астана-Мерей» байқауының жеңімпаздары марапатталды
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін елорданың Қазақ ұлттық музыка академиясында V Халықаралық «Астана-Мерей» байқауының жеңімпаздары марапатталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Желтоқсанның 7-сі мен 11-і аралығында өткен аталмыш байқауды ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Қазақ ұлттық музыка академиясы ұйымдастырды. Оның мақсаты - музыка өнері саласындағы дарынды және қабілетті оқушыларды анықтауға жағдай жасау, олардың болашақта дамуына ықпал ету және кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ Қазақстандағы ұлттық мәдениеттің белсенділігін арттыру мен дамыту, отандық және әлемдік мәдениеттің үздік үлгілерін насихаттау. Бұл байқау «баян-аккордеон», «ағаш үрлемелі аспаптар» және «ысқылы- ішекті халық аспаптары» деген бірнеше аталым бойынша өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден барлығы 286 музыкант қатысты. Аталымдар бойынша жеңімпаздар 1-ші, 2-ші және 3-ші деңгейлі дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар берілді.