Астанада «Astana Startup Weekend 2013» инновациялық жобалар конкурсы басталды

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде мамырдың 17-19 аралығында «Болашақ» бағдарламасының түлектері қатысуымен өтетін «Astana Startup Weekend 2013» инновациялық жобалар конкурсы басталды.

Астанада «Astana Startup Weekend 2013» инновациялық жобалар конкурсы басталды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astana Startup Weekend әлем бойынша 30 мыңнан астам инноваторларды біріктіретін, өз бизнес-жобаларын табысты іске асырып келе жатқан новаторларға ықпал жасайтын халықаралық қозғалыстың бір бөлігі. Бұл қозғалыс әлемдегі 100 елдің 175 қаласын біріктіреді.

Конкурста жасыл технологиялар, бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлемелері мен сайттар, ұтқыр қосымшалар, өндірістегі, тұрмыстағы инновациялар және басқа да бизнес-жоспарлар өзара бақ сынасады.

Сайыстың жалпы жүлде қоры 1 млн. теңгені құрайды. Таратып айтар болсақ, 1-орынға 500 000 теңге, 2-орынға - 300 000 теңге, 3-орынға 200 000 теңге беріледі. Сондай-ақ, жеңімпаз «Астана Innovations» грантын ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кету керек, конкурсты «Астана Innovations» АҚ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ және «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырып отыр.