Астанада асық алаңдары ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астананың 25 жылдығына орай, елорданың Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарында асық алаңдары ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Respublica» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақсат – ұлттық құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, қазақ халқының асыл мұрасы – асық ойындарын жаңғырту. Өскелең ұрпақты ұлттық ойындарға баулу арқылы олардың санасына рухты, отаншылдық сезімді сіңіру.

Асық алаңдары Алматы ауданындағы «Студенттік саябақта» және Есіл ауданында орналасқан «ЭКСПО» аумағындағы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы монументі» алаңында болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта дәл осындай алаңдарды басқа аудандарда және еліміздің өзге де өңірлерінде ашу жоспарланып отыр.


Бұл алаңдардың ерекшелігі – асық тарихы және ойын түрлері мен ережелері туралы мағлұматты арнайы енгізілген QR-код арқылы білуге болады.

Алаңдардың ашылу салтанатына Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров, «Асық ойыны» федерациясының жетекшілері мен өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында асық ойнатылып, үздіктерге асықтар сыйға тартылды.

Асық – мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі. Ол баланың ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа тәрбиелейді.


Соңғы жаңалықтар
telegram referendum