Астанада - Асық Party!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Бәйтерек» монументі қасында Асық Party ұйымдастырылды. Шараға жиналғандар ұлттық ойындарымыздың бірі - асық атуды ( «Бес табан», «Шыр») ойнады, деп хабарлайды "Қазақстан" ұлттық арнасы.

Астанада - Асық Party!

Мақсат - ұмытылып бара жатқан бұл ойын түрін қайта жаңғыртып, насихаттау. Шараға мұрындық болған «Асық ату» федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржанұлы жастарға «Шыр» ойынының шартын таныстырды. Сондай-ақ, шараға айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин және Сырым Әуезхан да қатысты. Айта кетейік, асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. «Бес табан» - асық ойынының «алаңдағы» түріне жатады. Ойын шарты: Ойыншылар тегіс жерді таңдайды. Ортасына түзу сызық сызады. Оған жағалай асық тізеді. Ойынды бастаушы асық тізілген жерден бес табанға тең аралықты белгілеп алып, шеңбер тартады. Ойыншылар шеңберге кірмей (баспай) ортадағы асықты атады. Кім көп асықты атып, шеңберден шығарса, сол ұтады.