Астанада ат спортынан өткен ашық біріншіліктің жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Республика күні мерекесіне орай ат спортының түрі – конкурдан өткен ашық турнирдің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада ат спортынан өткен ашық біріншіліктің жеңімпаздары анықталды

Айта кетейік, аталған сайыс кеше елорда іргесіндегі «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде басталған болатын. Ат спортының олимпиадалық түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасеновтың айтуынша, конкурға Астана қаласы мен Қарағанды, Алматы және Ақмола облыстарынан келген төрт команда қатысқан.

«Сайыстың алғашқы күні, яғни біріншіліктің іріктеу кезеңіне 50-ге жуық шабандоз қатысты. Олар олимпиадалық тәртіпте үш түрлі санатта бақ сынады. Яғни, «Ашық сынып», «Жас жылқылар» және «Балалар» санаттары. Ереже бойынша бірінші санат бойынша жарысқа 12 жастан 15 жасқа дейінгі балалар ал, екінші және үшінші санат бойынша 16 жастан асқан шабандоздар қатысады. Бұл жарыста спортшы мен жылқының әртүрлі жағдайда кездескен кедергілерден арнайы бағыт бойынша жүріп өткен жолы есепке алынады. Төрешілер жолдың жылдамдығы мен тазалығына мән береді. Әрбір құлаған кедергі үшін айыппұл секундтары бар», - деді Аманжол Хасенов.

Екі күнге созылған сайыстың қорытындысы бойынша «Балалар» санатында Амира Қабажанова (сайыс аты «Шах») бірінші орынды иеленді. Ал шабандоз Дарина Дүржібаева (сайыс аты «Ғайсақ») тұғырға екінші болып көтерілді. Үшінші орын Лаура Алдабергеноваға (сайыс аты «Күрең») бұйырды.

Сонымен қатар, «Жас жылқылар» санаты бойынша Азамат Заменив (сайыс аты «Red River») бірінші орынды иеленсе, Олег Соколенко (сайыс аты «Маригольд») екінші орынды місе тұтты. Осы санатта бақ сынаған шабандоз Виктория Котина (сайыс аты «Сайгон») үшінші орынға тұрақтады.

«Ашық сынып» бойынша сайысқа түскен қатысушылардың ішінен Ержан Мағжаев (сайыс аты «Джафар») бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Олег Соколенко (сайыс аты «Күрең») иеленсе, Ника Сим (сайыс аты «Каприя») үздік үштіктің қатарынан көрінді.

Жеңімпаздарға 1 млн теңгенің сертификаттары табысталды. Ашық біріншіліктің жалпы жүлде қоры шамамен 7 млн теңгені құрады.