Астанада «Атамды мақтан тұтамын!» акциясы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда кітапханаларында «Атамды мақтан тұтамын!» атты Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған акция өтеді, деп хабарлады astana.gov.kz.
Шара аясында кітап көрмелері, естелік эстафеталары, зияткерлік ойындар, тарих сабақтары ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, «Халықтың ұмытылмас ерлігі», «Қазақстандықтар - Ұлы Отан соғысының қаһармандары» секілді иллюстрациялық кітап көрмелері де ашылды.
Қазіргі уақытта «Ардагерге тағзым ет, жас ұрпақ», «Соғыс - бала күнімнің естелігі» сынды тақырыптар бойынша арнайы құжаттар мен материалдарды жинастыру науқаны жүріп жатыр.
Қалалық кітапханаларда кітаптар мен түрлі әдебиеттен бөлек, оқушылардың, ардагерлер ұрпақтарының шығармалары да орын тапты.
№8 балалар кітапханасының қызметкерлері оқырмандар арасында соғыс тақырыбына арналған үздік шығармалар сайысын жариялады. Сайыс үстіміздегі жылдың сәуір айына дейін өткізіледі, ал қорытындысын шығаруға Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысады.
Жалпы, Астана қаласында 23 жалпы қолжетімді қалалық кітапхана жұмыс істейді. Олардың 16-сы бұқаралық, алтауы - балалар кітапханасы және біреуі - көзі көрмейтін, нашар көретін зағип жандарға арналған кітапханалар.