Астанада атаулы көлік карталарын алу мерзімі ұзартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев жеңілдік санатындағы азаматтардың атаулы көлік картасын алу мерзімін 1 шілдеге дейін ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Астана LRT» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жеңілдік санатына енетін азаматтардың атаулы көлік карталарын алу мерзімі ұзартылды. Бұрын, қалалық бағдарлар мен жүрдек автобустарда зейнетақы куәліктерін көрсетіп, тегін жүру құқығын пайдалану мерзімі 2018 жылғы 1 маусымға дейін ұзартылған болатын», - деп мәлімдеді ұйымның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева Фейсбуктегі парақшасында.
Ол қоғамдық көліктегі электронды төлем жүйесінің енгізілуіне байланысты, Астанада тіркелген жеңілдік санатындағы азаматтар тегін жүруге арналған атаулы көлік карталарын алуы тиіс екендігін еске салды. Электронды жүйе 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қаланың барлық автобустарына орнатылды. Қоғамдық көлікті тегін пайдалану үшін, жеңілдік санатындағы азаматтар атаулы көлік карталарын ала жүруі қажет.
«Бүгінгі таңда жеңілдігі бар көлік карталарын 88 мыңға жуық адам алған. Сонымен қатар жеңілдік санатындағы 28 мың азамат атаулы көлік карталарын әлі алған жоқ. Осыған байланысты, Астана әкімі Әсет Исекешев атаулы карта алу мерзімін 2018 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартты. Бұл мерзім қайта ұзартылмайды», - деді ол.
Жеңілдік санатындағы азаматтар көлікте қағаз зейнетақы куәлігін көрсету арқылы тағы да бір ай тегін жүре алады.
«Сондықтан азаматтарды бір айдың ішінде атаулы көлік карталарын алуға шақырамыз. Ол үшін «Астана LRT» ЖШС ресми сайтында онлайн түрде өтініш беріп, жауап келген соң картаны Қажымұқан көшесі, 14-үйде орналасқан арнаулы кассадан алу қажет. Қоғамдық көлік пайдаланушылары қажетті ақпараттарды алу үшін «Астана LRT» байланыс орталығына 574-777 нөмірі арқылы жүгінуіне болады», - деп жазды Н. Азанбаева.