Астанада Atyrau Creative Days жәрмеңкесі ашылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Елордада Атырау облысының шығармашылық өкілдері өз жұмыстарын таныстыратын Atyrau Creative Days жәрмеңкесі ашылды.
Жәрмеңкеге Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев пен ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысты. Қонақтар жәрмеңке алаңын аралап, шығармашылық өкілдердің жұмыстарымен танысты.
Шараның ашылу бағдарламасы «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблінің өнерімен басталып, Атырау жастар театрының музыкалық бағдарламасымен жалғасты.
– Жәрмеңкеде Атыраудың өнері, дизайны, қолөнері мен креативті жобалары елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылып отыр, – делінген шара туралы мәліметте.
Бағдарламаның сән бөлігінде Атырау облысынан арнайы келген дизайнерлер авторлық киім топтамаларын дефиле форматында көпшілік назарына ұсынды.
Atyrau Creative Days жәрмеңкесі ертең де жалғасады. Келушілер Атыраудың өнері, дизайны, қолөнері және креативті жобаларымен жақынырақ танысып, ұнаған бұйымдарын тікелей авторларынан сатып ала алады.