Астанада аудан әкімі боранды күнде қайырымды болуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек елордалықтарды қолайсыз ауа райы жағдайында бір-біріне көмектесуге шақырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Құрметті тұрғындар! Қолайсыз ауа райы кезінде бір-бірімізге қайырымды болайық, көмектесейік. Ақ түтек бораннан жолда жүре алмай тұрғандарды, машинасы омбы қарға батып қалғандарды көрсеңіздер тоқтап, көмектесіңіздер, кең пейіл болайық», - деп жазды ол Facebook-тегі екі қызды боран ұшырып кете жаздаған сәттің видеосына пікір білдіріп.
«Әбден ашуға булығып отырмын. Екі ер адам машинада видеоға түсіріп отыр, шығып көмек беруді тіпті ойына да алмайды. Ерінбегендер видеоға ән жазғанын қараңыздаршы», - дейді Арман Тұрлыбек.
Бұған дейін Астана әкімі Әсет Исекешев ауа райының күрт құюылуына байланысты елордалық көлік жүргізушілеріне өз бағдарын алдын ала жоспарлап жүруге кеңес берген болатын.
«Ауа райы жағдайына байланысты қала тұрғындары мен меймандарына қозғалыс бағдарын алдын ала жоспарлап алуға, жол ережелерін сақтауға және жолда абай болуға шақырамыз. Қауіпсіз жылдамдықпен жүрген абзал», - дейді қала әкімі Фейсбук парақшасында.
Қазгидромет алдағы үш күнде Қазақстанның орталығында қарлы боранның сақталатынын хабарлаған болатын.
ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Астанадан шығатын барлық бағыттар бойынша автокөліктің барлық түрі үшін жолдар жабылғанын айтқан болатын. Бұдан тыс, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстарында да жолдар жабылған. Оның сөзіне қарағанда, жолдардың бәрінде бақылау бекеттері, жол-патруль полициясы, жол қызметтері орналастырылып, ТЖК құтқарушылары жұмыс жүргізіп жатыр. «Жағдайды бақылап отырмыз, тұрғындарға ауа райы туралы хабар үзіліссіз беріліп жатыр», - деді ол.
Еске сала кетсек, қарлы-боранды ауа райына байланысты Астанада қоғамдық көлік кестесі өзгерді.