Астанада Ауған соғысы мүгедектеріне және майданда қаза тапқан боздақтардың аналарына 100 мың теңгеден берілді
АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Астанада Ауған соғысының бірінші және екінші топтағы мүгедектері мен сол майданда қаза тапқандардың отбасыларына арналған қамқорлық шарасы өтті.
Акция барысында Ауған соғысының мүгедектеріне және соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналарына 100 мың теңгеден ақшалай көмек берілді. Шараны өткізуге демеушілер қолұшын берген.
Астана қаласы «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұратбек Әміржановтың айтуынша, Астанада ұлдарын Ауған соғысында жоғалтқан осындай 12 ана мен 1 әке бар.
«Бүгінгі таңда елордада 1,3 мыңнан астам ардагер тұрады. Сұрапыл соғыс кезінде 17 жас жауынгер қаза тапты. Олар түлеп ұшқан мектептерде олардың құрметіне мемориалды тақталар орнатылды», - деп атап көрсетті ол.
Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңнан астам сарбаз қатысып, 924 боздақ ажал құшты. Ал 21-і із-түссіз жоғалып кетті.