Астанада ауқымды жалпықалалық сенбілік басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оған қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және т. б.), еріктілер, мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері, МИБ (ПИК) және басқалар қатысып жатыр.
Экоакция аясында Астанада қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау және т. б. жүргізіледі. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және т. б. өткізіледі.
Тұрғындар елордада тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосып жатыр. Қала тұрғындары аулаларын тазалау арқылы қаланы тазалауға атсалысады.

— Мен бұл ауданда он жылдан астам уақыт тұрып келемін. Көршілермен бірге аула тазалығы үшін атсалысқаныма қуанамын. Бұл бірлігімізді арттырады және қаламызды таза әрі жайлы етеді, — деп атап өтті елордалық аудан тұрғындарының бірі.
Акцияға жастар да белсенді қатысады. Еріктілердің бірінің айтуынша, мұндай іс-шараларға қатысу үлкен және маңызды істің бір бөлігі ретінде септігін тигізеді:
— Біз қоқысты тазалап қана қоймаймыз, әсіресе жас ұрпаққа үлгі көрсетеміз. Бұл біздің қаламыз және ол таза болуы керек. Мен бұл іске қатысқанымды мақтан тұтамын, — деді еріктілер қозғалысының мүшесі.
Экологиялық акция барысында алты ауданда 6 мыңнан астам жасыл желек отырғызылады.
Экожоба аясында арнайы тақырыптағы сенбіліктер, экологиялық сабақтар, флешмобтар, ақпараттық науқандар және абаттандыру конкурстары ұйымдастырылады.
Естеріңізге сала кетейік, елордада «Таза Қазақстан» онлайн-платформасы арқылы қала тұрғындарынан өтінімдерді қабылдау белсенді жүргізілуде. Өтінімдердің негізгі санаттарына аумақтарды абаттандыру, жарықтандыру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру, рұқсат етілмеген полигондарды жою мәселелері кіреді. Барлық ескерту уақытылы өңделеді, бұл тұрғындарға қолайсыздықты азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Астанада жол жөндеу жұмыстарына байланысты қай көшелер жабылатыны айтылды.