Астанада Ауруханалық басқару жүйесіндегі алғашқы менеджерлерге дипломдар табыс етілді

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада «Ауруханалық басқару жүйесінде халықаралық стандарттарды енгізу» мемлекеттік бағдарламасы бойынша (МВА) білім алып шыққан алғашқы магистранттарға дипломдар табыс етілді.

Астанада Ауруханалық басқару жүйесіндегі алғашқы менеджерлерге дипломдар табыс етілді

МВА бағдарламасы - Қазақстан Президентінің денсаулық сақтау саласының менеджерлерін дайындау тапсырмасына сәйкес әзірленді. Бағдарламаның ілкі жобасы 2009 жылы жүзеге асырыла бастады, алғашқы оқуларға 20 адам қабылданды.

Астана медициналық университетінің жоғары білімнен кейінгі сектор деканы Динара Жарылғанованың айтуынша, үміткерлердің саны өте көп болды. Оларды іріктеу барысында қойылған басты талап - жоғары еңбек өтілі және ағылшын тілін жетік білуі. Оқуға медициналық, экономикалық, фармацевтикалық және заң саласының мамандары қабылданды.

Бағдарлама аясында Астана медициналық университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, Сингапур мен Австрия елдеріндегі жоғары мектептерде оқулар өтті. Болашақ менеджерлер, сондай-ақ Нью-Йорктегі Колумбия университетінде 10 күн бойы тәжірибе жинақтады. Білім алушылар өзге елдердің денсаулық сақтау мекемелеріндегі басқару жүйелерімен танысқаннан кейін елге оралып, Ұлттық медициналық холдингі базасында тәжірибеден өтті. Оның нәтижесі бойынша диссертацияларын жазды. Білім беру жалпы 1,5 жылға созылды және толығымен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылды.

«Ауруханалық басқарудағы іскерлік әкімшілік шеберлерін дайындап шығаратын бағдарламаның ТМД аумағында теңдесі жоқ. Ауруханалық басқару жүйесін Қазақстан алғашқы болып әзірледі», - деді ол.

Д.Жарылғанованың сөзіне қарағанда, түлектерге бүгіннің өзінде сұраныс өте жоғары. Олар Ұлттық медициналық холдингі, қалалық және республикалық деңгейдегі емханалар мен ауруханаларға жұмысқа орналастырылатын болады. «Ауруханалық басқару жүйесін жетілдіру» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқытудың екінші кезеңіне биыл 15 адам қабылданды.