Астанада аутист балаларды қолдауға арналған марафоннан 6 млн теңге қаражат түсті

None
Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада аутизм дертіне шалдыққан балаларды қолдауға арналған «Run for autism» қайырымдылық жүгірісі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болашақ» қорының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – қазақстандықтардың назарын аутизммен ауыратын адамдарға аудару, олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

«Бұл жүгіріс аутизммен ауыратын адамдарды қолдауға арналған алғашқы кең көлемді шара. Осы арқылы біз халықтың назарын ересектер мен балалардың мәселелеріне аудартқымыз келеді. Бұл кезеңге дейін біз еліміздің 22 қаласындағы мектептерде аутизмге шалдыққан балаларға білім беруге арналған 46 кабинет аштық. Бүгінгі жүгіріске 1 100 адам, 100-ден астам волонтер қатысып жатыр. Әрине, бұл қуанышты жайт. Бастаманы қолдаған елорда қаласы әкімдігіне алғыс айтамын. Біз жүгірістің жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұруға тырысамыз», - деп мәлім етті «Болашақ» қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Run for autism» шарасынан жиналған 6 млн теңгеден астам қаражат «Әр бала мектепке баруға лайық» жобасын іске асыруға бағытталады.

Яғни, аутизммен ауыратын бүлдіршіндердің өзгелермен тең деңгейде білім алуына жағдай жасауға жұмсалады.

Балаларға қолдау көрсету мақсатында өзге өңірлерден келген қатысушылар да болды.

Соның бірі – параспортшы Бақтыгүл Әлімбекова.

«Осы жүгіріс марфонына қатысып отырғаныма қуаныштымын. Мен Алматыдан арнайы келдім. Мен бұл шараның еліміздің өзге де қалаларында жалғасқанын қалаймын. Балалар – біздің болашағымыз, оларға қолдау қажет. Мен таяуда жүгіруге арналған протез алдым. Бұған дейін мен скандинавиялық жүрістен өтетін спорттық сайыстарға қатысып келдім. Енді қазір жүгіріспен айналысып жүрмін», - деді Бақтыгүл Әлімбекова.

Бұған қоса, жүгіріске кәсіби және әуесқой спортшылар, баласы аутизмге шалдыққан ата-аналар қатысты.

«Бүгінде әлемде әр 40-шы бала аутизммен ауырады. Қазір осындай диагнозы бар балалардың ата-аналары мен қолдаушылардың арқасында жағдай өзгерді. Атап атқанда, мұндай балаларға білім беру саласы жетілді. Бұрын олар бөлек оқитын немесе мүлдем білім алмайтын. Қазір бүлдіршіндеріміз қарапайым балалармен қатар мектепке барады, түрлі үйірмелерге қатысады. Мәселен, бүгінгі шараға 1 100 адам қатысып жатыр. Бұл – қоғамның аутизимге шалдыққан балаларға бей-жай қарамайтынын білдіреді», - деді баласы аутизм дертіне шалдыққан ата-аналардың бірі Сара Бәкірова.

Жүгіріс 4 дистанция бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км, 10 км.

Шара соңында қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылды.



Соңғы жаңалықтар