Астанада аутизмге шалдыққан 60-тан аса бала Жаңа жыл қарсаңында сыйлық алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Жаңа жыл қарсаңында аутизмге шалдыққан балаларға сый тарту етілді. Балалар мен ата-аналар қызықты қойылымды тамашалады, қонақтарды мерекемен құттықтауға мультфильмдер мен ертегілердің кейіпкерлері келді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Аутизмге шалдыққан бүлдіршіндерге арнайы жаңажылдық шырша тойын өткізу бастамасын аутизмге шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарының «Орда» қоғамдық бірлестігі көтерген. Аталған бірлестік жақында құрылған, ата-аналар балаларға көмек көрсету үшін күш біріктірген.
«Біз түрлі үйірмелер, секциялар, шаралар ұйымдастырамыз. Бүгін әкімдіктің қолдауымен осындай мереке өткіздік. Балаларға сыйлықтар тарту етілді, әкімдіктің өкілдері әр баланың немен әуестенетінін сұрап, тілектерін білгісі келіп жатты», - деп мәлім етті аутизмге шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарының «Орда» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Салтанат Есмағамбетова.
Мерекеге келген ата-аналардың бірі Салтанат Ержанова өз әсерімен бөлісті.
«Бүгін бізге арнап керемет мереке ұйымдастырылды. Қала әкімі Әсет Исекешевтен сыйлық алғанымызға қуаныштымыз, ұлым конструкторды бұрыннан қалап жүрген еді», - дейді балалардың бірінің анасы Салтанат Ержанова.
Ол өзі төрт баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана екенін және биылғы жыл сыйлықтар мен қамқорлыққа толы болғанын жеткізді.
««Астана - мейірімді қала» акциясы шеңберінде мен биыл сыйлықтар алдым. Бізге кез келген көмек - үлкен қолдау. Өте бақыттымын, үлкен рахмет айтамын», - деді С.Ержанова.
«Шара жақсы өтті, аниматорлар көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қала әкімдігі мен «Орда» қоғамдық қорына керемет мереке ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамыз», - деді қала тұрғыны Зарина Дәндібаева.
Жаңажылдық мерекеге қала әкімі Әсет Исекешев қатысып, келе жатқан мерекемен құттықтап, Астанада айрықша қажеттіліктері бар балаларға баса назар аударылатынын хабарлады.
Оның айтуынша, келесі жылы аутист-балаларды қолдауға және оларды қоғамға кірістіруге арналған арнайы кешенді бағдарламалар әзірленеді. Елорда басшысы келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, баршаға зор денсаулық, табыс, жақсылық тіледі.