Астанада аутизмі бар балаларға арналған тегін спорт мектебі ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін астанада аутизмі бар балаларға арналған «ORDA AUTISM SPORT» спорт мектебі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада аутизмі бар балаларға арналған тегін спорт мектебі ашылды

Қазақстан Президенті 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны мәлім. «ORDA AUTISM SPORT» спорт мектебі де осы атаулы жылға орайластырылып отыр. Арнайы мектепте ерекше балаларға арналған үстел теннисі, жекпе-жек, хореография және т.б. спорт секциялары жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, мектептегі барлық спорт секциялары ARTSPORT.FOOD платформасы бойынша балаларға қолжетімді болады және секциялардың барлығы тегін.

Ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, «Орда» жеке қоғамдық қорының басшысы Айнұр Оспанқызы және басқалары қатысқан.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «ОРДА» аутизмге шалдыққан балалар ата-аналарының қоғамдық бірлестігі алты жылдан астам уақыт бойы 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға түзету, үйлерінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді.