Астанада ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы маңындағы алаңда Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы тауар өндірушілерінің ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Елорда әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, жәрмеңкеде сиыр еті мен сүт өнімдері, балық пен көкөніс сұранысқа ие. Ал тауар құны нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан.

«Бүгін күн суық болса да өз өнімдерімізді әкелдік. Тұрғындар біртіндеп жиналып жатыр. Кешкі уақытқа дейін тауарларымызды сатып, ертең таңертең тағы да шығамыз. Бір байқағаным, балық өнімдерінің бағасы арзан болғандықтан тез өтіп кетеді», – дейді Ардақ есімді сатушы.

Бұдан бөлек сиыр, жылқы, қой жән құс еттері, сүт және қышқыл сүт өнімдері, көкөністер (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат), жемістер, тауық жұмыртқасы, балық, жарма, ұн және тағы да басқа өнімдер ұсынылған.

«Мен бүгін алма мен қияр, сиыр еті мен балық етін сатып алдым. Себебі, алманың құны 350 теңгеден басталады екен. Ал үйімнің жанындағы дүкеннен 550 теңгеден алып жүрмін. Сенбілік демалысымды пайдаланып, жәрмеңкеге келдім», – дейді Сымбат есімді қала тұрғыны.

Айта кетсек, аталған жәрмеңке 6-7 қарашада өтеді. Келер аптаның сенбі-жексенбі күндері 200-ден астам тауар өндірушінің қатысуымен тағы да жәрмеңке өтеді.