Астанада автобус жолаушысынан 67 келі есірткі заты тәркіленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қ. ІІД Есірткі бизнесімен күресу басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысының тұрғынынан 67 келі марихуана есірткі затын тауып алды, деп хабарлайды елорданың ІІД-нің баспасөз қызметінен.
«1 ақпан күні сағат 16.00 шамасында Қарағанды тас жолының бойында орналасқан «Қызылжар» бекетінде, жол-патрульдік полиция қызметкерлері құжаттар мен жүкті тексеру үшін рейстік автобусты тоқтатқан. ЕБКБ қызметкерлерінің тексеруі барысында және кинологтардың қызметтік итінің көмегімен автобус жолаушыларының бірінен 67 келі марихуана есірткілік заты анықталып, тәркіленді», делінген хабарламада. Өткізілген іс-шаралардың арқылы ұсталған азаматтың Жамбыл облысының 20 жасар тұрғыны екендігі және оның бұдан бұрын да тонауға қатысты қылмыстық іске тартылғандығы анықталды. Күдікті Астана қ. ІІД-інің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. ҚР ҚК 297-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта Астана қаласының ІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері арнайы жедел-іздестіру кешенді іс-шараларын жүргізуде. Бұл шараның мақсаты - есірткі заттарын өткізу, жеткізу арналарын анықтау және құрықталған азаматтардың елорда аумағындағы есірткі қылмысына қатыстылығын тексеру.